«Талдықорғанжылусервис» ШЖҚКМК
Ресми интернет-ресурс

Талдықорғанда жылыту маусымы қорытындыланды

Бүгін қала әкімдігінің мәжіліс залында қала әкімі Ернат Бәзілдің төрағалығымен Талдықорған қаласы бойынша 2025-2026 жж. күзгі-қысқы жылыту маусымын қорытындылау және алдағы 2026-2027 жж. жылыту кезеңіне дайындық туралы жиын өтті.

Жиында тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Алмас Барлыбеков өткен жылыту маусымының қорытындылары бойынша баяндамасын жасап, атқарылып жатқан жұмыстардың бірқатарына тоқталып, алға қойған жоспарларын тізбектеп өтті.

Сонымен қатар, Талдықорған қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрлан Тәңірберген және «Талдықорғанжылусервис» КМК-нің директоры Абзал Жағыпаров да сөз алып, жалпы атқарылып жатқан жұмыстар жайында баян етті.

Өткен жылғы жылыту маусымы кезінде қала аумағындағы жылыту қазандықтарында ешқандай оқыс жағдай тіркелмей, ойдағыдай өткен. Соның өзінде қала әкімі барлық дайындық шараларын қазірден пысықтап, ретке келтіру жұмыстарын қарқынды түрде жүргізуді тапсырды.

Жиын марапаттау рәсімімен жалғасты. Одан қаламызды үздіксіз ыстық қамтып, оқыс жағдайларда күн-түн демей қызметтеріне адал жұмысшылар қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Еске салсақ, Биыл «Ұлттық жоба» аясында Жансүгіров көшесі бойындағы диаметрі 700 мм жылу желілеріне жаңғырту жұмыстары басталды. Жоба Гагарин көшесінен Ескелді би көшесіне дейінгі 3,5 шақырым аумақты қамтиды. Жобаны мердігер ұйым – «ДАНиЕР» ЖШС атқаруда.

Жансүгіров көшесі бойындағы жылу желілерін жаңғырту жұмыстары жоспар бойынша қыркүйек айында толық аяқталады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, «Талдықорғанжылусервис» мекемесі өз қаражаты есебінен қала бойынша 5,2 шақырым жылу желілеріне ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары да басталды.